
Фото: Ашық дереккөз
Жыл сайын елімізде орта есеппен 300 мыңға жуық жас еңбекке жарамды жасқа жетіп, нарыққа шығады. Өкінішке қарай, жұмыс орындарының саны еңбек күшімен қатар көбейіп жатқан жоқ. Бұл – жастар арасындағы жұмыссыздықтың тереңдей түсуінің басты себептерінің бірі.
Демографиялық қысым, жүйелік дағдарыс және шешім іздеген қоғам
Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабектің айтуынша, соңғы жылдары елімізде демографиялық өсім тұрақты сақталып келеді. Бірақ бұл – әрбір сәби туған сайын, болашақта бір жұмыс орнына сұраныс артады дегенді білдіреді.
«Бүгінгі еңбек нарығына шыққан жастар — осыдан 11–15 жыл бұрынғы туу көрсеткішінің нәтижесі. Ал алдағы жылдары бұл сан одан да көбейеді. Жұмыс орындары сол деңгейде құрылмаса, жастардың жұмыссыздық деңгейі арта түседі», дейді ол.
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың I тоқсанындағы мәліметіне сүйенсек, 16-34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1%-ды құраған. Бұл көрсеткішті 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ өзгеріссіз қалып отыр.
Бүгінде жастардың бір бөлігі тек грант бар мамандыққа түсіп, диплом алу үшін оқитыны рас. Бірақ бұл диплом – нарықта сұранысқа ие маман болуға кепіл емес. Соның салдарынан көптеген жас маман алған білімі бойынша жұмысқа орналаса алмайды.
Маманның мәліметінше, кейбір есептерге сәйкес, түлектердің шамамен 40%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл білім беру жүйесінде бағдар берудің әлсіздігін көрсетеді. Айта кетейік, нақты мамандықтары бойынша жұмыс істемейтін жастардың үлесі әлі де белгісіз.
«Оқу бағдарламалары практикалық машыққа негізделмейінше, жұмыссыздық азаймайды. Теориямен қатар жасанды интеллект (ЖИ) секілді жаңа технологияларға икемделген дағды қалыптастыру маңызды», дейді Айсұлу Молдабек.
Жалпы қоғамда жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіби білімін арттырмайтын жастарды NEET санатына жатқызамыз. Тіпті, оларды экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізбеген, болашағы бұлдыр топ деп атасақ та болады. Ресми есепке ілінбесе де, бұл топтың көбеюі болашаққа қауіп төндірері анық. Себебі олар тек жұмыссыздар емес, өз жолын табуға үміті де қалмаған, жүйеден тыс қалған буын болып саналады.
Айсұлу Молдабектің пікірінше, ауыл мен қала жастарының мүмкіндігі екі түрлі әлемге ұқсайды. Ауыл жастары интернетке, тілге, сапалы білімге, кәсіби бағдарға қол жеткізе алмай, еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып қалады.
«Ауыл жастарының негізгі мәселесі – тілдік барьер. Орысша, ағылшынша білмеу олардың ірі компанияларға кіруіне, жоғары оқу орындарына түсуіне кедергі. Осыдан кейін олар автоматты түрде жұмыссыздар қатарына қосылады,» дейді әлеуметтанушы.
Жұмыссыздық тек жалпы ұлттық сипатқа ие емес, бұл мәселеде өңірлік айырмашылықтар да айқын сезіледі. Еңбек нарығы жақсы дамыған Алматы, Астана секілді ірі қалаларда жұмыс табу мүмкіндігі жұмыс табу мүмкіндігі жоғары болғанымен, аталған аймақтарда да еңбекке орналасу үшін бәсекелестік өте жоғары. Мәселен, 2025 жылдың басында република бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-ды құраған.
Тіпті жастар арасындағы еңбек миграциясы да артып келеді, яғни ауылдағы жастар ірі қалаға жұмыс іздеп кетеді, бірақ ондағы өмір сүру бағасының жоғарылығы мен әлеумеуметтік қолдаудың жеткіліксіздігі салдарынан көпшілігі бейресми жұмыспен айналысуға мәжбүр болады.
Шетелдік тәжірибе: жастарға жол ашқан елдер
Әлем елдері жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте өзіне тән тәсілдер мен жүйелі реформаларға сүйенеді. Солардың ішінде Германия, Финляндия және Сингапур елдері – тиімді бағдарламаларымен ерекшеленетін мемлекеттер.
Германияда жастардың еңбек нарығына ерте бейімделуіне мүмкіндік беретін дуальды білім беру жүйесі кеңінен енгізілген. Бұл жүйе бойынша жастар теориялық біліммен қатар нақты өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу кезінде кәсіпорындарда жұмыс істей жүріп, мамандықты меңгеретін жастар оқу бітіре сала бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Осы тәсілдің нәтижесінде Германияда жастар жұмыссыздығы Еуропадағы ең төмен деңгейде қалып отыр.
Финляндияда Youth Guarantee бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл бастама бойынша әрбір жас азамат оқуын аяқтағаннан кейін 3-4 айдың ішінде оқу, тәжірибеден өту немесе жұмыс істеу мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі. Мемлекет пен жұмыс берушілер арасындағы келісім арқылы жастардың қоғамнан оқшауланып қалмауына баса назар аударылады. NEET-жастардың үлесін азайтуда бұл тәсіл тиімді болып отыр.
Сингапур болса, жоғары технологиялы экономиканың талаптарына сай маман даярлауға ерекше көңіл бөледі. Мұнда жастарды еңбек нарығына бейімдейтін бағдарламалар — білім беруден бастап жұмысқа орналастыруға дейінгі нақты жол картасымен қамтамасыз етілген. Мемлекет жастарға арналған стартап гранттар мен кәсіптік қайта даярлау бағдарламаларын белсенді жүзеге асырып жатыр.
Жалпы жастардың жұмыссыздығы бүгіннің ғана емес, елдің болашағына әсер ететін жүйелі проблема. Ол білім беру жүйесінен басталып, еңбек нарығының құрылымымен жалғасады. Жаңа жұмыс орындары құрылмайынша, кәсіптік бағдар жолға қойылмайынша, жастар арасындағы жұмыссыздық азаймауы мүмкін.
Осы мәселені шешуде әлеуметтанушы Айсұлу Молдабек бірқатар ұсыныстарын айтты:
- Білім беру бағдарламаларын технологияға бейімдеп, тәжірибеге бағыттау;
- Мамандық таңдауды бейім мен нарық сұранысына негіздеу;
- Жаңа жұмыс орындарын құру және жастардың жеке кәсіп бастауына қолдау көрсету;
- Ауыл жастарының тілдік, цифрлық, кәсіби дайындық деңгейін арттыру;
- NEET-жастармен арнайы психологиялық, әлеуметтік бағдарлама жүргізу.