
Жалпыға бірдей декларациялау – әрбір азаматтың табысы мен мүлкі туралы мемлекет алдында есеп беруі. Ол екі түрлі салық декларациясынан тұрады: біріншісі – кірістер мен мүлік туралы, екіншісі – табыстар мен шығыстар туралы есеп.
Алғашқысы – 250.00 нысаны. Бұл нысанды әр азамат өмірінде бір-ақ рет тапсырады. Онда сіз өз атыңыздағы мүліктерді – үй, көлік, жер, шетелдегі активтер, банк шоттары, тіпті үй ішіндегі бағалы заттарға дейін көрсетуіңіз қажет. Мысалы, пәтер ішіндегі жиһаз, өнер туындылары, коллекцияларыңыздың нарықтық құны жоғары болса, көрсетілгені абзал.
Биыл 250.00 нысанын 18 жасқа толған барлық азамат 15 қыркүйекке дейін тапсыруы керек. Ескеретін жайт бар. Ешқандай жас шектеуі жоқ. 100 жасқа келген қария да, стипендиямен күн көріп жүрген студент те тапсырады. Заң талабы осындай. Уақытында тапсырмаған жағдайда салық органдары салық төлеушінің жеке кабинетіне ескерту жібереді. Алайда көпшілік бұл кабинетті күн сайын қарап отырмайды. Сол себепті, ескерту жауапсыз қалып, салдары қиын болуы мүмкін. Азаматтың банктегі шоттары бұғатталып, зейнетақысы немесе шәкіртақысы тоқтап қалуы ықтимал. Мұндай жағдайлар өткен жылдары болған, сондықтан алдын ала қамданған дұрыс.
250.00 нысанын тапсыру жолдары әртүрлі. Е-Salyk мобильді қосымшасы арқылы, ХҚКО-да инспектор көмегімен немесе жеке бухгалтер көмегімен тапсыруға болады. Бұл – өмірде бір рет тапсырылатын есеп. Одан кейін жыл сайын 270.00 нысанын, яғни табыстар мен шығындар декларациясын тапсыру жалғасады.
Кейінгі кезде желіде «8 миллион отандасымыз декларация тапсырмаса болады» деген ақпарат тарап жүр. Бұл – 270.00 декларациясына қатысты жеңілдік. Алайда 250.00 нысаны бәріне міндетті. Сондықтан жаңа жылды бұғатталған банк картасымен қарсы алғыңыз келмесе, декларацияны биылдан бастап зерттеп, қазірден қамданыңыз.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»