
Финтех – ең жауапты бағыт
«Wildberries» өнім дизайнері және «Tinkoff» банкінің жобаларында жұмыс істеген Аделина Уржановамен әңгімелестік. Айтуынша, қолданушы мобилді банкингте бір ғана батырманы басып шот ашады немесе ақша аударады. Бірақ сол батырманың түсі, формасы, мәтіні, орналасуы – өнім дизайнерінің зерттеуі мен шешіміне тікелей байланысты. Ол шешімдер әдемілік үшін емес, нақты нәтиже үшін қабылданады.
– Финтехте дизайн тартымдылығымен ғана шектелмейді. Ол нақты ережелерге бағынады: қауіпсіздік, түсініктілік, заңдылық. Әр батырма мен интерфейс элементі клиенттің қаржылық әрекетіне әсер етеді. Сол себепті, өнім дизайнері мұнда тек UX/UI маманы емес, сонымен қатар қаржылық мәдениетті де білетін, заңмен жұмыс істей алатын, күрделі мәліметтерді қарапайым тілмен жеткізе білетін сарапшы болуы керек. Қаржы саласында әрбір қате – нақты қаржылық шығын. Сондықтан күрделі терминдерді де түсінікті тілмен ұсынуға тырысамыз. Бұл үдерісте UX редакторлармен, заңгерлермен тығыз жұмыс істейміз. Сондай-ақ жақсы UX өнімнің монетизациясына да оң әсер етеді. Қолданушы интерфейсті оңай түсініп, өз әрекетін бақылауда ұстай алса, ақылы қызметтерді пайдалануға да сеніммен барады, – дейді ол.
Орташа жалақы – 1 220 000 теңге
«Ronin Studio» негізін қалаған жас өнім дизайнері Қуаныш Аманғалидың сөзінше, өнім дизайнері – командадағы ең кешенді ойлайтын маман.
– Өнім дизайнері жай суретші емес, ол – жартылай маркетолог, жартылай кәсіпкер, кейде копирайтер. Яғни ол әдемі ету үшін ғана емес, пайда әкелу үшін жұмыс істейді. Біз батырманың түсін немесе мәтінін кездейсоқ таңдамаймыз – ол шешімдердің артында зерттеу, логика және бизнес-мақсат тұрады. Мысалы, кейде тек түсті өзгерту арқылы-ақ қолданушылардың әрекет ету деңгейін 20–30%-ға дейін көтеруге болады, – дейді Қуаныш.
Оның айтуынша, өнім дизайнында визуал маңызды болғанымен, пайдаланушы тәжірибесі де рөл ойнайды. Қолданушыға өнім түсінікті әрі ыңғайлы болмаса, ол әдемі болғанымен де пайдаланылмайды. «Kolesa Group» зерттеуіне сүйенсек, отандық дизайнерлердің 39%-ы IT-компанияларда, 18%-ы қаржы және банк секторында жұмыс істейді. Бұл өнім дизайнерінің қазіргі нарықта аса қажет екенін көрсетеді. Ең белсенді өңірлер – Алматы (66%) және Астана (20%). Дизайнерлердің жартысына жуығы – 25 жасқа дейінгі жастар. Жалақы деңгейі де өнім дизайнерінің мәртебесін айқындайды. Орташа жалақы – 1 220 000 теңге. Графикалық дизайнерлермен салыстырғанда екі есе жоғары.
– Қаржы секторында UX/UI дизайнерлерге деген сұраныстың артуы цифрлық банкингтің дамуына, онлайн төлем жүйелерінің көбеюіне және мобилді қосымшалар арқылы көрсетілетін қызмет түрлерінің күрделене түсуіне тікелей байланысты. Әр өнім – күрделі жүйе, ал сол жүйені пайдаланушыға түсінікті ету – өнім дизайнерінің міндеті. Жаһандық экономикада цифрлы өнімнің тиімділігі компания табысының шешуші факторы болып отыр. Ал өнім тиімді болуы үшін ол қолданушыға қызмет етуі керек. Сол қызметті тиімді қылу өнім дизайнерінің басты міндеті. Сондықтан бұл мамандық келешекте маркетинг пен бағдарламалаудан да жоғары сұранысқа ие болуы мүмкін, – дейді Қ.Аманғали.
Болжампаз зерттеуші һәм стратег
Шынында, банк қосымшасын ашқанда, аударым жасап немесе шот ашқанда бәрі «өзі баяғыдан солай болғандай» көрінеді. Алайда сол «өзі болған» үдерістің артында жүздеген зерттеу, сынақ, UX тест және дизайнерлік шешім тұр.
– Қазіргі заманғы өнім дизайнері бірнеше бағытты қатар меңгеруі керек. Ол – бір жағынан пайдаланушы не ойлап тұрғанын алдын ала болжай алатын зерттеуші болса, екінші жағынан бизнеске не пайдалы екенін түсінетін стратег. Адамның өніммен қалай әрекеттесетінін, қандай батырманы қашан басатынын, неліктен кейде қолданудан бас тартатынын білуі керек. Сосын маркетингті де түсінуі керек – ол қолданушыны қалай тартуға болатынын, қай жерде жарнама тиімді, мәтінді қалай жазу қажет екенін білуге тиіс. Сонымен бірге аналитикамен де жұмыс істейді: «Google Analytics» немесе «Hotjar» секілді құралдар арқылы қай беттер жиі қаралатынын, қай жерде қолданушы тоқтап қалатынын саралайды. Бұл деректер болашақ шешімді қабылдауға көмектеседі, – дейді Аделина Уржанова.
Пайымдауымызша, техникалық құралдар да маңызды. «Figma», «FigJam», «Miro» секілді платформаларда еркін жұмыс істей алуы қажет. Себебі қазіргі командалар – кросс-функционалды, яғни бір өнімде дизайнер, бағдарламашы, маркетолог, аналитик бірге жұмыс істейді. Сол кезде бәрінің тілін түсінетін дизайнер команда үшін таптырмас маманға айналады.