
Байқау қарсаңында «Бүлкілдер әнге салса көмейі...» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Елдің түкпір-түкпірінен келген 30-ға жуық өнерпаз дәстүрлі ән жанрында бақ сынады. Оған Рамазан Стамғазиев, Толғанбай Сембаев, Ербол Айтбаев, Еркін Шүкіман, Ерлан Рысқали, Медіғат Манапов сынды елімізге белгілі өнер майталмандары қазылық жасады.
Ән өнерінің майталманы Мәдениет Ешекеев 1934 жылы бұрынғы Семей облысы Бородулиха ауданы Құрманқожа ауылында дүниеге келген. Әуелі ағасы Жұқабайдан тәлім алып, әйгілі Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов секілді әншілерді тыңдап өседі.
«2017 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында М.Ешекеевке арнап республикалық конференция, үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, домбырасы Ықылас Дүкенұлы атындағы Халық аспаптар музейіне қойылды. «Сұржекей» атты ән жинағы құрастырылды. Биыл осы жинақты ұстазымыздың 90 жылдығы қарсаңында шәкірті Толғанбай Сембаев екеуміз әншінің орындауындағы кейіннен ел ішінен табылған әндерін және ол туралы мақала, сұхбаттарды толықтырып, «Бүлкілдер әнге салса көмейі...» деген атпен қайта жарыққа шығардық», дейді шәкірті, әнші Еркін Шүкіман.
Мәдениет Ешекеев – әйгілі Ж.Елебековтің алғашқы шәкірттерінің бірі. Оның репертуарынан қазақ халық әндерімен бірге Біржан сал, Ақан сері, Абай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, т.б. халық композиторларының әндері кең орын алды. Әсіресе Ешекеевтің өзіне ғана тән әншілік мәнерін айқын танытатын, оның ерекше нақыш-бояумен орындайтын Абай мен Әсеттің әндері, Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Р.Елебаевтың «Жас қазағы», С.Кәрімбаевтың «Ақ еркесі» және халық әндері «Сұржекей», «Аққұм» жатады. Орындауындағы туындылар Қазақ радиосының алтын қорында сақталған.
«Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, әнді сақтаудың қамын қылыңдар» деген сөзі бар. Сондықтан мұндай байқаулар керек. Өлісі де, тірісі де дәріптелуге тиіс. Мәдениет Ешекеев – қазақ ән өнерін қызғыштай қорып, көзінің қарашығындай қорғаған әнші. Халқымыздың дәстүрлі музыкасын жоғары деңгейге көтерген өнерпаз. Осы ретте әншінің есімін еске алып, насихатталуы – елдіктің белгісі. Байқау жоғары деңгейде өтті. Енді тоқтап қалмай, әрі қарай жалғаса бергенін тілейміз», дейді әнші Ербол Айтбаев.
Биыл алғаш рет өткізілген байқаудың бас жүлдесін астаналық Айдос Саниязбекұлы иеленіп, жеңімпаз атанды. І орын – Таңат Мұқашев (Абай облысы), ІІ орын – Аида Исраил (Алматы облысы) және Сәулет Аманғазин (Абай облысы), ІІІ орын – Өмірзақ Шешхан (Көкшетау қаласы), Ұлжан Әбілқасымова (Алматы қаласы), Мадияр Өмірғалы (Қарағанды облысы). Әлмағамбет Қапсәләмұлы атындағы арнайы жүлдені – Айдан Бауыржанов (Абай облысы), Ақылбай Абайұлы атындағы арнайы жүлдені – Мағжан Ысқақ (Павлодар облысы), Бородулиха ауданы әкімінің арнайы жүлдесін – Абдұррахмен Естайұлы (Алматы қаласы) иеленді. Ал Кәмшат Қабыкенова (Алматы облысы), Дамир Рахымбердиев (Тараз қаласы), Рүстем Жүсіпов (Астана қаласы), Қуандық Төкенов (Қарағанды облысы), Жалын Құнанбай (Павлодар қаласы) дипломант атанды. Байқау жеңімпаздарының барлығы қомақты қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Байқауды ұйымдастырған Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан қазылар мен қатысушыларға алғыс білдірді. Кеш соңында байқауға қазылық жасаған елімізге белгілі әншілер Мәдениет тойына әннен шашу шашты.
«Әрбір қатысушы өз өнерін үлкен дайындықпен, жан-тәнімен көрсете білді. Өнерпаздардың деңгейі өте жоғары, бір-бірінен қалыспайды. Сол себепті олардың өнерін бағалау, шын мықтыны анықтау оңайға соқпады. Дегенмен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» демекші, дара шыққан таланттар анықталды. Байқаудың ұйымдастырылу деңгейі барлық жағынан жоғары болды», дейді қазылар алқасының мүшесі, әнші Ерлан Рысқали.
Абай облысы