Өнер • Бүгін, 09:30

Өнерде жоқ шекара

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет – бәрімізге ортақ көпір екені көпке мәлім. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өңірдегі этнос өкілдерінің мәдени қарым-қатынасы нығая түсті. Осы ретте Талдықорғанда «Kazakhstan: Ethno-Inclusive Dialogue» атты тұңғыш халықаралық инклюзивті этнокөрме өтті.

Өнерде жоқ шекара

Суретті түсірген – Олжас Құрмашев

Тағылымы терең іс-ша­раны облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­масы мен Талдықорған қаласы әкімдігінің қолдауымен «Мейірім» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі ұйым­дастырған. Мұндағы мақ­сат – өнер арқылы қоғам­да инклюзивтік сананы қалып­тас­тыру және ерекше қажет­ті­лік­тері бар азаматтар­дың әлеуетін кеңінен таныту.

Көрмеге Қазақстанмен қатар Ресей, Түркия, Өзбекстан сынды шет мемлекеттерден келген қолөнер шеберлері қатысты. Қонақтар қолдан жасаған бірегей бұйымдарын тамашалап, өз таңдаулары бо­йынша сатып алды. Сондай-ақ шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмас­ты. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар жасаған туындылар көпшіліктің назарын өзіне аударды. Мәселен, ұлттық нақыштағы кестелі бұйымдар, зергерлік әше­кейлер, ағаштан жасалған мүсіндер мен тұр­мыстық заттар көрерменді елең еткізді.

«Біз шығармашылықтың шекарасы жоқ екенін дәлел­дегіміз келді. Мүгедектігі бар жандар тек көрермен ғана емес, мәдени диалогтің толыққанды қатысушылары бола алады. Бұл көрме бізге осыны айқын түрде көрсетуге жол ашты. Біздің мақсат – жай ғана көрме ұйымдастыру емес, шабыттандыратын, өзара түсіністік пен жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаң құру», деді «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Гүлвира Таубалдинова.

Оның айтуынша, қатысу­шылар іс-шара бары­сында жаңа серіктестер мен тұтыну­шылар тауып, болашақ­тағы жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды.

Бүгінде Жетісу жерінде инклюзияны ілгерілету бағы­тында нақты қадамдар жасалып жатыр. Мұндай бас­тамалар әр азаматтың өзін қоғамның тең мүшесі ре­тінде сезінуіне, өз қабілетін дамытуға зор мүмкіндік бере­ді.

Бұл көрме – ашық әрі толерантты қоғам құру жо­лындағы маңызды қа­дам. Түрлі көз­қарас пен мүмкіндіктегі адам­дар­ды бір арнаға тоғыс­тыр­ған осындай мәдени іс-шаралар ел бірлігінің, рухани тұтастығының айқын көрінісі.

 

Жетісу облысы