Жемқорлық • Бүгін, 13:23

Түркістанда мал шаруашылығына бөлінген ақша ұрланған

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыста мал шаруашылығын дамытуға бөлінген 271 млн теңге субсидия қолды болған. Нақтырақ айтқанда, 31 шаруа қожалығы бойынша деректер базасына мал шаруашылығында шынында жоқ мал туралы жалған мәліметтер енгізілгені анықталды, деп жазады Egemen.kz.

Түркістанда мал шаруашылығына бөлінген ақша ұрланған

Өңір прокуратурасы "Сауран ауданының ветеринария бөлімі" ММ ветеринариялық станциясының қызметкерлеріне қатысты мал шаруашылығын дамытуға бөлінген аса ірі көлемдегі мемлекеттік субсидияларды жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу нәтижесінде Оранғай және Жаңа Иқан ауылдық округтерінің ветеринарлары мен ветеринарлық бекет меңгерушісінің "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" деректер базасына 31 шаруа қожалығында шын мәнінде жоқ ұсақ және ірі қара мал туралы жалған ақпарат енгізіп, жалпы сомасы 271 миллион теңге болатын субсидияны заңсыз иемденгені белгілі болды.

Облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы № 41590 әскери бөлімнің 1 қызметкерін, 3 ветеринарды және 1 меңгерушіні күдікті ретінде таныды.

- Күдіктілер келтірілген 19 миллион теңге көлеміндегі залалды ішінара өтеп, олардың жалпы құны 120 миллион теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды, — делінген Түркістан облысы прокуратурасының хабарламасында.