
Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Екінші деңгейлі банктің жылдық пайызына да қарамай, қарыз алып, фабриканың тамырына қайта қан жүгіртеді. Қазір төрт түрлі цех, қойма және фабриканың дүкені бар. Жергілікті жерден 100-ге тарта жұмысшы осында нәпақа тауып отыр. Фабрика басшысы: «Бізге керек сан емес, сапа», дейді. Бірнеше тапсырыс беруші бағасын тиімді етіп, ал өнімін арзан матамен тіге салуды өтініпті. Келісімшартты сол үшін бұзып, сондай тапсырыстың бәрінен бас тартыпты.
– Матаның сапалы болуы – фабриканың ең бірінші талабы. Одан кейінгі шаруа да, жауапкершілік те – бізге жүк. Шымкенттегі Қазақстанның ең ірі жеңіл өнеркәсібі «Azala» кәсіпорнының өнімін кәдеге жаратып келеміз. «Azala» тоқыма комбинаты – біздің саланың негізі. Тоқыма комбинатында бәрі жақсы болса, тігін фабрикаларында да бәрі ойдағыдай болады. Мұнымен қоса сапалы маталардың түр-түрін Қытайдан да тікелей алдырамыз. Ешқандай делдалсыз. Оның өзі бізге үлкен олжа, – дейді фабрика басшысы.
Өнеркәсіп орны өңірдегі алпауыт компаниялардан, өндіріс ошақтарынан, жұмысшы ұйымдардан арнайы киімдерге тапсырыс алып отыр. Тіпті жекелеген тапсырысты да санына қарамай тігеді. Қазір көпшілікке күнделікті киетін киімдер де тігіледі. Сол себепті өндірістің өнімі жыл сайын ұлғайып келеді. Қазірдің өзінде фабрика төсек жапқыштардың түр-түрін – көрпе жамылғылары, жаймалар, жастық тыстары, көрпелер, матрастар, жастықтар, түрлі арнайы киімдер, сыртқы киімдер, оның ішінде әртүрлі жасқа арналған күртелер мен желеттер шығарып жатыр. Мұнымен қоса кәсіпорын мектеп формаларының толық жиынтығына тапсырыс алады.
Осы тұста фабриканың дизайнер-конструкторы Деля Гриньге артылар жауапкершілік жоғары. Тігілер киімнің алғашқы нұсқасы, дизайны білікті маманның қолынан өтеді.
«Маған жүктелген міндет – киімнің алғашқы сызбасын компьютер арқылы әзірлеп алып, конструкциялық қағаз нұсқасын арнайы ақылды құрылғыдан шығарамын да, пішу цехына жөнелтемін. Олар сосын тігін цехына жібереді. Осылайша, әуелгі өнімді әзірлейміз. Жалпы, кез келген тауардың өтімділігі дизайнына байланысты. Көзге көрікті болған дүние көптің көңілінен шығады», дейді дизайнер.
Тігінші Қамария Жәкенова фабриканың ертеден келе жатқан қызметкері. Жасы жетпіске таяп қалса да, сүйікті ісінен қол үзгісі жоқ. Фабрика тоқырау жылдары жабылған соң, қаладағы тігін цехында жұмыс істепті. Қайта ашылғанын естіп, бірден осында келіпті. Көп жылғы еңбегі еленіп, былтыр Президенттің Жарлығымен III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
– Талай жыл осы фабрикада еңбек етіп, жабылып қалғанда, жанымыз ауырған еді. Енді міне, қайта өркендеп жатыр. Бұл өңір экономикасына үлкен үлес қосып отыр. Абай қаласының іс тігетіндерінің бәрі осы жерден жұмыс тауыпты. Жалақысы мардымды. Біз киімнің жаңа нұсқасын алғаш тігіп көреміз. Негізгі міндетіміз сол. Егер кем-кетік жері болса, бірден конструкторға айтамыз. Қайта пішіп, тігіп, үлкен цехқа үлгімізді ұсынамыз, – дейді Қамария Абайқызы.
Жақында фабриканың директоры Нұрхан Жұмабековтің арнайы шақыртуымен Алматыдан «Компания Астам» ЖШС директоры, техника ғылымдарының кандидаты Бегаим Баратбекқызы келіп, кәсіпорынның киім тігуде технологиялық үдерісті жетілдіру жолдарын жобалап беріпті.
«Бұл фабрикада 1986–1988 жылдары жапон және неміс құрал жабдықтарын қою үдерісіне қатысып және 1989 жылы ғылыми жұмысымның нәтижесін енгізу ретімен келгенмін. Араға 37 жыл салып қайтадан «Abai» фабрикасына келгендегі бірінші көзге түскені – кең, жарық, биік ғимарат сақталғандай. Ал тігіп жатқан бұйымның түрі сан алуан. Бүгінде фабрикаға Германияның «Дюркопп Адлер» компаниясының инновациялық құрал-жабдықтарын, технологиясын енгізу ретін қарастыру көзделіп отыр. Бұл жоба іске қосылған жағдайда техник, механик және технологтерді неміс мамандары оқытады», дейді Бегаим Баратбекқызы.
Өндіріс басшысы тігіншілеріне қолайлы жағдай жасауға басымдық береді. Фабрика ішінен балаларға арналған ойын алаңын дайындап қойыпты. Қызметкерлердің балабақшаға бармайтын балалары күні бойы уақытын сонда өткізеді. Ойыншықтың түр-түрі, балдырғандардың зейінін ашатын журналдар, бояулар бар. Мұнымен қоса, массаж орталығы жұмыс істейді. Күні бойы жауырыны талған жұмысшылар бір мезет кәсіби массажистің көмегіне жүгінеді. Фабриканың осы секілді жылы қамқорлығы жұмыс күшін жеңілдетіп отыр. Сондай-ақ іргесіндегі Топар демалыс орнында фабриканың өз аймағы бар. Жаз шыға қызметкерлер сол жерде отбасымен уақыт өткізеді. Барлығы фабрика есебінен, тегін.
Фабрикаға әлі де тігіншілер қажет. Абай ауданындағы ауылдардан, жан-жақтан жұмысқа ниетті жандар хабарласатын көрінеді. Алайда қатынап істеуге уақыт тапшы. Фабрика басшылығы мұның да орайын тауып отыр. Қызметкерлерге арналған тегін жатақхананың құрылысы басталып кетіпті. Енді тігіншілер баспанамен де қамтылады.
Фабрика жанындағы дүкенде «Abai» брендімен тігілген өнімдер самсап тұр. Соның ішінде сәбидің жейдесінен бастап мектеп оқушылары мен полицейлердің формасы, дәрігерлердің халаты, жастықтар мен матрастарға дейін бар. Мұндағы тігіншілер сол орындаған жұмысына қарай 100-350 мың теңге аралығында жалақы алады.
Тігін фабрикасының директоры Нұрхан Жұмабеков алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, келешекте жүн өңдеу және жіп иіру цехтарын ашуды жоспарлап отыр.
Қарағанды облысы,
Абай қаласы