Талбесік • Кеше

Көкті аңсаған жаралы аққу

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осыдан бір ай бұрын Арқалық қа­ласының маңындағы көлде жал­­ғыз аққу пайда болды. Әуеде қи­қулап өтіп бара жатқан жыл құс­тарына елегізіп шаңда бір сыңар қанатын қаққан болады. Бірақ ұша алмайды. Не жағаға жақындамайды, не әрі ұзап кет­пейді.

Көкті аңсаған жаралы аққу

Был­тыр топшысы сынғанда қанаты­нан қан саулап жатса да қайта ұшпақ болып аласұрған. Төбесінен бірнеше рет айналып өтіп, ақыры ұзай-ұзай көк­ке сіңіп кеткен бір топ  қаздың соңы­нан жанұшыра жүгіргенін ғана еміс-еміс біледі. Ал қыстай өзі қамалып жатқан тар қапасқа қалай түскені есінде жоқ.    

Күздің қара суығында ұшарға қанаты болмай өлімші болған құс еркесін мейірімді жандар жылы жерге паналатып, ауа райы жылынған соң, табиғат аясына босатқан.

«Күзде балаларым көлікпен келе жатқанда, жалпылдап жолға шыққан ғой. Бір жақ қанаты қанға боялыпты. Бұл құс қатты ұшып келе жатып не бағанға, не электр сымына соғылған немесе түлкіге жем бола жаздаған болу керек. Қыстай жылы жерге қамап, жем-суын беріп бақтық. Қаз, үйрек сияқты емес, қолға үйренбейді екен. Алдындағы жемін жаңалайық десек, қанатын көтере керіп ысылдап жолатпай айбат шегіп тұрып алады. Бұл енді тағы құс қой. Қанша мәпелеп күтсең де адамға бауыр баспайды екен.  Табиғат аясында еркін өскен құсқа жемде тұру – тар қапасқа қамалғанмен бірдей ғой. Көлге еркіне жіберсек те, анда-санда сыртынан бақылап қоямыз. Өткенде жанына алты аққу қонған. Бірнеше күннен соң олар ұшып кетті де, бұл қалып қойды. Есілге апарып, мал дәрігеріне де көрсеттік. Дәрігер бұл құс енді ұша алмайды деді. Бұл аққуға құс әлеміне жанашыр орнитолог мамандардың қамқорлығы керек. Бәлкім, сол кісілер емдеп көрер, тіпті болмаса, зоопарк сияқты мекемелерге өткізер», дейді жаралы аққуды қыстай бағып шыққан қала тұрғыны Болат Әбдібеков.

Қазір жаралы аққу айдын көлді еркін шарлап, азығын өзі тауып жүр. Алайда алты айдан соң қаһарын сүйретіп қыс келсе, күні не болады, белгісіз. Болат аға «Ешкімнен қайыр болмаса, тағы бір қыстатып шығармын» деп отыр. Алайда ауқымы шамамен 200 гектар болатын айдында жалғыз жүзген киелі құс оңайлықпен ұстата қояр ма екен?

 

Қостанай облысы