Медицина • 16 Мамыр, 2025

Қазақстанда ішек қабынуы ауруларына шалдыққан науқастар саны көбейген

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда отандық және шетелдік жетекші мамандардың қатысуымен Ішектің қабынуы ауруларының IX ұлттық форумы аяқталды.

Қазақстанда ішек қабынуы ауруларына шалдыққан науқастар саны көбейген

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Кардиология және ішкі аурулар ғылымизерттеу институты және Қазақ ғылыми қоғамы ұйымдастырған форумға еліміздің барлық өңірлері мен Ресей, Бельгия, Израиль елдерінен 300-ден астам гастроэнтеролог, колопроктолог, терапевт, морфолог, инфекционист, эндоскопист мамандары мен функционалдық диагностика дәрігерлері жиналды.

Аталған форум жыл сайын 19 мамырда – Дүниежүзілік ішектің қабынуы аурулары күні қарсаңында ұйымдастырылып, Крон ауруы мен ойық жаралы колит туралы хабардарлықты арттыруды көздейді.

Мамандардың мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда ішек қабынуы ауруларына шалдыққан науқастар саны көбейе бастаған. 2018 жылдан 2023 жылға дейін Крон ауруы 555-тен 1631-ге дейін, ал ойық жаралы колит ауруы 2218-ден 7305-ке дейін өскен. 2024 жылдың статистикасы әр 100 мың адамға шаққанда 5-10 науқаста ІҚА кеселі табылатынын және бұл сан артуы мүмкін айғақтайды. Бұл бір жағынан диагностиканың дұрысталуы және оған қоса шын мәнінде бұл дерттің белең алып отырғандығын байқатады. Ішек қабынуы ауруларына мен орта жастағыларға қоса жасөспірімдер де жиі душар болып жатқаны да алаңдатады. Мұндай диагноз қойылғандардың орташа жасы – 35-40 жас аралығындағылар. ІҚА кеселіне көбінесе урбанизация, күйзеліс, жұқпалы аурулар мен антибиотиктерді өз бетінше қабылдау сияқты жағдайлар жетелейді.

«Біздің Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында еліміздегі алғашқы, заманауи диагностикалық базамен жабдықталған әрі білікті мамандардың мультидисциплинарлық тобы жұмыс істейтін IҚА, қысқа ішек синдромын емдеу және нутритивтік түзету мамандандырылған орталық ашылды. Жаңа орталықтың міндеті – IҚА мен ҚІС бар науқастардың денсаулығын дұрыстап, дертін асқындырмау. Орталықтың  есігі кәсіби көмекке мұқтаж жандарға ашық», - дейді Басқарма төрағасы Марат Пашимов.

Форумға қатысушылар дер кезінде диагностикалаудың қажеттілігін, жоғары технологиялық зерттеу әдістері мен биологиялық терапияның қолжетімділігін, сондай-ақ IҚА емдеудегі көпсалалы тәсілдің маңыздылығына тоқталды.  Мамандар әлі де шешімін таппаған мәселелер қатарында бірқатар өңірлерде эндоскопиялық диагностикаға қолжетімділік шектеулі, пациенттерге психологиялық қолдау жетіспеушілігі бар екендігін атады.

Сонымен қатар Ұлттық форум аясында жас ғалымдардың байқауы өтті.

Форум барысында елімізде  мамандандырылған орталықтар желісін кеңейтіп, пәнаралық бірлескен жұмысты күшейту, халықаралық тәжірибеге негізделген клиникалық ұсынымдарды енгізу мен дәрігерлер үшін тұрақты кәсіби білім беру бағдарламаларын дамыту қажеттігі талқыланды.

 

АЛМАТЫ