
Мектептің шағын мерейтойына орай аз уақыт ішінде қол жеткізілген жетістіктер сараланып, білім ұясының директоры Жанар Ермұхамбетова әр апта – бір жаңа жеңіс болғандығын, іс-шараның сол табыстардың айғағы екенін атап өтті.
Осы уақыт аралығында мектеп оқушылары оркестр құрып, салтанатты шарада «Келіншек» күйін тарту етті.
Жаңа ашылған мектеп көктеп, көгере берсін деген ниетпен ауласында 109 түп көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, мектеп психологы Р. Мұхамедина мен еңбек пәні мұғалімі Н.Байтүгелованың бастамасымен 5-8 сынып аралығындағы қыздарды жан-жақты дамуға бағытталған «КөркемARU» клубы ашылды. Бұл клуб оқушыларды қолөнерге, тамақ әзірлеуге, жеке бас гигиенасы мәселелерін үйренуге, сән әлемін игеруге ғана баулып қоймай, қыз балаларды мазалап жүрген сұрақтарды талқылауға, өзгеге айтпайтын сырын бір-бірімен бөлісіп, жақсы көңіл-күй сыйлауға бағытталған. «КөркемARU» кабинетін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Тегіңді білген – тектілік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сәуле Өтелбайқызы Желдібаева ашып берді.
Мектеп фойесінде «Мектеп тынысы» көрмесі ұйымдастырылып, келушілер оқушылар құрастырған роботтарды, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттеріндегі оқушылардың жұмыстарын тамашалады. Одан соң қонақтар тоғызқұмалақ, бес асық, волейбол, футбол, каратэ, үстел теннисі секілді спорттық ойындардың барысын көріп, өздері де спорттық сайыста бақ сынады.
Мерекенің соңы мектеп ұстаздары мен оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.